Маңғыстауда 100 мың оқушы бос уақытында үйірмеге қатысады
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстауда 100 мыңға жуық бала бос уақытын тиімді өткізіп жүр. Олар 11 қосымша білім беру ұйымы мен 3 мыңға жуық үйірмеге барады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірдегі 3 оқушы орталығы мен шығармашылық үйіндегі үйірмелер ақысыз. Ал, 8 өнер мектебі ақылы қызмет көрсетеді. Бағасы 1700-2000 теңге аралығында. Қосымша білім беру ұйымдарының жанынан ашылған аула клубтарына да тегін қатысуға болды.
«Әрбір біздің білім алушымыз, жасөспірімдеріміз бос уақытында спорттық болсын, шығармашылық, өнер, туризм, экология болсын, түрлі бағыттағы өздерінің қызығушылықтарына қарай үйірмелерге қатысады. Білім саласындағы ауқымды бағдарламалар аясында да жұмыстар жасалып жатыр», — деді Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова.
Айта кетейік, Ақтауда салынып жатқан оқушылар сарайы маусым айында пайдалануға беріледі. Күніне 1000-нан аса балаға арналған ғимаратта спорттық-техникалық аймақ, модельдерді сынауға арналған ұшыру алаңдары болады. Сонымен қатар, сурет, хореография, музыка сыныбы, көрме залы, дыбыс жазу студиялары жоспарланған